Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Серікқазы Кәкібаланов бұл қауымдастықтың негізгі мақсаты қазақша интернетті дамыту болып табылатындығына ерекше тоқталды.
Олардың ең бірінші қолға алып отырған жобасы - елімізде бұрын-соңды болмаған қазақша сайттардың, жалпы қазақ интернетінің арасында конкурс жасау.
«Оған тек қана сайттар емес, интернет саласында жұмыс істеп жатқан жеке адамдар да, компаниялар да қатыса алады. Конкурстың қорытындысы желтоқсан айының басында болатын ІІ Астана интернет форумында шығарылады», - деп атап өтті С. Кәкібаланов.
Тұңғыш рет өткізілгелі отырған бұл сайысқа қазақ тілінде жүргізілетін кез келген сайт қатыса алады. Конкурс үшін қазан айының басында арнайы сайт ашылады. Соған сайысқа қатысқысы келген адамдар өздерінің өтініштерін тіркей алады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, конкурс мынадай номинациялар бойынша өткізіледі:
-мемлекеттік органдар;
-білім және ғылым;
-бұқаралақы ақпарат құралдары;
-жеке сайттар;
-мәдениет;
-спорт;
-қоғамдық ұйымдар;
-мекемелер мен компаниялар;
-Қазнеттің тұлғалар.