Ұлттық кәсiпкерлер палатасы «Гүлнәр-тур» дауынан кейiн сақтандыру қорын құруды қолға алмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық кәсiпкерлер палатасы туристiк операторларға ортақ сақтандыру қорын құруды жоспарлауда. Бұл туралы палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлiм еттi.

Оның айтуынша, қазiргi уақытта туроператорлардың қаржылық ахуалын қадағалап отыратын мемлекеттiк тетiк өзiнiң тиiмсiздiгiн көрсетуде. Оған дәлел - бiр апта бойы дау-дамайдың астында қалған «Гүлнәр-тур» операторының қазiргi мәселесi.

«Бүгiнгi таңда қарасаңыздар, туристiк оператор нарығы өзiнiң iшiнде қауымдастықтар арқылы басқарылмай отыр. Әрине, мемлекет жағынан лицензиялау шаралары бар, өкiнiшке орай, бұл жағдай көп қадағаланбағандықтан, көптеген осындай келеңсiздiктер орын алуда. Себебi лицензия жыл сайын бұл компанияның қаржылық әлеуетi бар-жоғын қарап отыруы тиiс. Бiз ешқандай оператор болмаймыз, тек осы нарықтағы компаниялардың басын қосып, бiрiншiден, банктердегi депозиттердi сақтандыру қоры сияқты сақтандыру қорын құрмақпыз. Әр жыл сайын операторлар қорға аздап қаражат аударып отырады, кейiн осындай жағдай болғанда, бiрiншi кезекте тұтынушылардың мүддесiн қорғауға жұмсалады. Екiншi мәселе, туроператорлардың басын бiрiктiрiп, өздерiне керектi стандарттарды қабылдауы керек, жауапкершiлiк алулары тиiс. Осы мәселелердi ұлттық палата жүргiзедi. Әрине, бiз координатор ретiндегi жауапкершiлiктi мойнымызға алуға дайынбыз. Бiрақ бұл нарыққа оператор есебiнде емес, себебi бiздiң кәсiпкерлiкпен айналысатын қақымыз жоқ», - дейдi А. Мырзахметов.