Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау әдістемесін жасады

АСТАНА. КАЗИНФОРМ - ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау әдістемесін жасады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан 1-ші Азиялық «ASIAN RETAIL & DISTRIBUTION 2014» бизнес саммитінде ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева айтты.

Оның атап өтуінше, аталған әдістемеде мемлекеттік бағдарламалардың бизнес алдында тұрған шынайы проблемаларды қаншалықты шеше алатындығы, жүктелген міндеттердің шешілуі, бағдарламалардың тиімділігі ескеріледі.

«Қазіргі уақытта әдістеме әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігімен талқыланды және олар біздермен келісіп отыр. Біз нақты айқындау үшін мемлекеттік бағдарламалардың әкімшілері тарабынан нақты сараптама күтіп отырмыз.

Шындығына келсек, 5 балдық жүйеде 1,2 балға ғана бағаланған бағдарлама бар», - деді ол.

Г.Құрбанбаеваның сөзіне қарағанда, 39 салалық бағдарламаның басым бөлігі биыл аяқталатын болады.

«Мемлекет басшысының бірыңғай бағдарлама құру тапсырмасын беруі тегін емес. Біз оны мемлекеттің бизнесті дамытуға салған әрбір теңгесіне кемінде 1 теңге қайтарым болатындай жасауға тырысудамыз»,- деді ҰКП өкілі.