Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратынына сенімдімін - Ә. Шаяхметов

АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан тарихи маңызы зор кезеңді бастан өткеруде. Еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық деңгейдегі беделді ұйымға төрағалық еткелі отыр. Осыған қарай Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де зор міндеттер жүктелетінін жақсы түсінеміз. Біз бұл міндетті абыроймен атқаратынымызға сенімдімін».

 Бүгін Парламент депутаттарының алдында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әділ Шаяхметов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенаторларға өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындау жөніндегі  ұсынысты қолдағандары үшін алғысын білдірген ол, «біз, яғни Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қоғам өкілдерін, азаматтарды және мемлекетімізді қорғауға міндеттіміз. Мен бүгінгі көрсетіп отырған сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінде үлкен кәсіби білікті мамандар жұмыс істейді. Солардың күшімен және сіздердің ққолдауларыңызбен біз алда тұрған міндеттерді талапқа сай атқарып шығатынымызға сенімдімін», деп атап көрсетті.