Ұлттық қауіпсіздік туралы заң жобасы саладағы тиімді тетіктерді қалыптастыруға бағытталады

қсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заң жобасы ұлттық қауіпсіздіктің тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте құжат арқылы мемлекеттік органдардың ұлттық қауіпсіздікке қатысты өкілеттігі мен жауапкершілігі нақты анықталады. Бүгін Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Бауыржан Мұхамеджанов осылай мәлім етті.

«Бірінші кезекте заң жобасы бойынша ұлттық қауіпсіздікке қатысты шаралардың мемлекеттік органдар арасында келісушілігі қамтамасыз етіледі. Екіншіден, олардың өкілеттігі нақтыланады. Қандай мемлекеттік орган неге жауап беруі және оның міндеттері мен өкілеттігі қандай екендігі қамтылатын болады», - деді сенатор Бауыржан Мұхамеджанов. Оның айтуынша, құжатта мемлекеттің ұлттық мүдделері де ескеріліп отыр. Ал заң жобасының қабылдануы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық мемлекеттік органдардың құзыретін күшейтіп, олардың жұмылуын қамтамасыз етеді. Заң жобасы аясында ұлттық мүдделер нақты белгіленіп, қатерлер айқындалады, мемлекеттік органдардың құзыреті нақтыланады. Ұлттық қауіпсіздікті қамту бойынша шаралар ауқымы кеңейтіле түседі.

Жалпы алғанда, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы ұлттық қауіпсіздіктің тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Заң жобасында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өкілеттіктері, олардың қызметін ұйымдастырудың құқықтық негіздері белгіленді, Қазақстан Республикасының қазіргі замандағы ұлттық мүддесі және қауіпсіздікке төнетін қатерлеріне мән беріледі.