Ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заң қабылданды
Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Заң Елбасы Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленіп еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді құқықтық тетігін жасауға бағытталады. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 15 наурызындағы Қауіпсіздің Кеңесінің отырысында Президент Үкіметке осындай тапсырманы жүктеген болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы орынбасары Ғұсман Әміринның айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты ұлттық қауіпсіздік жүйесін нығайту және қазіргі күннің қауіп-қатерлеріне жүйелі түрде қарсы әрекет ету мәселелерін жаңа деңгейге шығару болып табылады. Осыған байланысты, заңда қауіпсіздікке төнетін жаңа қатерлер еске алынып, ұлттық мүдделер нақтыланды. «Біріншіден ақпараттық қауіпсіздік саласында қауіптер анықталды. Таяу Шығыстағы орын алып отырған оқиғалардың өзі қазіргі күні ақпараттық қауіпсіздіктің өзекті екендігін көрсетеді. Бұдан соң, экономикалық қауіпсіздік мәселелері есепке алынып, негізгі қауіптер ретінде қаржы жүйесінің тұрақсыздығы белгіленді. Осымен бірге ақпараттық-экологиялық және сыртқы салалардағы ұлттық мүдделер де қосымша енгізіліп отыр. Мәселен, әлеуметтік саладағы ұлттық мүдделер кеңейтілді, атап айтқанда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету жүйелірін жетілдірудің маңыздылығы атап көрсетілді. Себебі қазіргі таңда әлеуметтік салалардағы проблемалардың шешілмеуі әртгүрлі наразылық акцияларға, азаматтардың экстремистік әрекеттерге қатысуына ықпал етіп отырғаны мәлім», - деді Ғ. Әмірин.
Оның айтуынша, заңның басты жаңалықтарының бірі - мемлекеттік органдарының құзыретін және олардың ұлттық қауіпсіздік саласындағы орнын нақты белгілеу. Бұл ретте заңның 17 бабына сәйкес, мемлекеттік органдар келісімді қызмет ету үшін олардың құзыреті нақты белгіленуі тиіс. «Алайда, қолданыстағы заңда мемлекеттік органдардың құзыреті анықталмаған. Осыған байланысты заңда 30 мемелкеттік органның ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы құзыреті және өзара іс-қимыл жасау тәртібі белгіленді», -дейді Ғ. Әмірин.
Бұдан бөлек, құжатта ұлттық қауіпсіздік түрлері де қайта қаралған. Сонымен қатар, заңда саяси қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің жеке түрі ретінде белгіленген. «Саяси қауіпсіздік саласындағы қорғалатын нысандар нақтыланды, оларға конституциялық құрылым, мемлекеттік органдар жүйесі, мемлекеттік басқару тәртібі жатқызылды», - деді Ғ. Әмірин.