«2019 жылы алғаш рет Қазақстан Республикасының «Киноматография туралы» Заңы қабылданған болатын. Бұл отандық киноның сапасын арттырып, бәсекеге қабілеттілікті жаңа деңгейге көтеруге, жүйелі жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Осыған орай Мемлекеттік ұлттық киноны қолдау орталығы құрылды. Аталған орталық ұлттық кино өндірісі, прокаты, көрсетілуі мен насихатталуына бюджеттік және бюджеттен тыс қаражатты бөлумен айналысады. Биылдың өзінде Орталық 62 жобаға қолдау көрсетіп, оның ішінде 18 толық метражды көркем фильм, 19 деректі, 17 қысқа метражды және 8 анимациялық фильмнің жарыққа шығуына жол ашып отыр», - деді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, қаржыландыру туралы шешім Сараптама комиссиясының қорытындысы негізінде қабылданады. Аталған комиссияның құрамына киноматография қауымдастығының беделді мүшелері кіреді.
«Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамамен Қазақстанда фильмдер түсіретін шетелдік киностудияларға субсидияларды жартылай қайтару қарастырылады. Бұл жерде рибейт туралы сөз етіп отырғанымызды айта кеткен жөн»,- деді министр.