Ұлттық киноны қолдау орталығының қаржысын телеарналарға бағыттау ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «31 канал» телеарнасының ба сдиректоры Құрманбек Жұмағали AstanaMediaWeek дәстүрлі халықаралық форумында Ұлттық киноны қолдау ораталығының деректі фильмдерге бөлетін қаржысын телеарналарға бағыттауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің елде кино қоры дейтін мекеме бар. Мәдениет саласындағы әріптестеріміз өкпелемейтін шығар. Ләззат Мұратқызымен бірге сол қордың комиссиясына алғаш рет кіріп отырмыз. Ол жерде мен нені байқадым? Үлкен ақша бар. Жарайды, кино туралы айтпай-ақ, қояйын. Бірақ сол қордың деректі фильмдерге ақша бөлетін бағыты бар. Телеарналарда деректі фильмдерге 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ғана ақша бөлінеді. Ал оларда бір деректі фильмнің құны кемінде 30 млн теңге тұрады, елестетіп көріңіздерші», - деді арна басшысы.

Сондай-ақ, ол әріптестеріне өз жобаларын аталған орталыққа ұсынып көруге шақырды.

«Мен осы ақшаны, осы бағытты телеарналарға беруді ұсынамын. Пікір алмасу алаңы болғандықтан айтып отырмын. Бәлкім Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мәдениет және спорт министрлігіне жеткізетін шығар. Жалпы, әріптестеріме ол жерде жақсы ақша бар екенін айтқым келеді. Ұсынып көру керек»,- деді Құрманбек Жұмағали.