Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде бірқатар айтулы шаралар жоспарланып отыр. Осыны негізге алған көрме төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім - «Қазақ хандығына 550 жыл» аталады. Осыған орай, тақырыптық көрмеде 180-нен астам кітап және мерзімді басылым материалдары ұсынылған. Екінші бөлім - «Ұлы Жеңіске 70 жыл». Аталған бөлімде әскери тақырыпқа қатысты кітаптардан бөлек, сұрапыл соғыстан сыр шертетін құжаттық слайд-композициялар беріліп отыр. Сонымен қоса, 140 кітап пен 13 құжат ұсынылады. Бұлардан бөлек, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» бөлімдерінде соңғы жылдары жарияланған баспа өнімдері, тың деректі материалдар қамтылып отыр.
Тоқтала кететін жайт, 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланған. Осыған орай, көрменің ашылу рәсімінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі бірқатар кітаптарды көрмеге тарту еткен.
Шараға тыл және еңбек ардагерлері, елордалық зиялы қауым өкілдері, тарихшы-ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.