Ұлттық комиссия отырысында халықты қашықтан жұмыспен қамтуды енгізу мүмкіндіктері қаралуда

None
АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында халықты қашықтан жұмыспен қамтуды (еңбекті үй жұмысымен үйлестіруді) енгізу мүмкіндіктері қаралуда,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақында біз 150 мемлекеттің қатысуымен жұмыссыздық мәселесі бойынша өткен Халықаралық еңбек ұйымы сессиясында болдық. Онда қаралған мәселердің бірі әйелдер арасындағы жұмыссыздық. Әйелдер жұмыссыздығы барлық елдерде де жоғары. Соған байланысты түрлі қосымша формалар мен мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз»,-деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова.

Осы тұрғыда маңызды формалардың бірі әйелдердің қашықтан еңбекпен қамтылуы екенін жеткізген министр, «атап айтқанда әйелдердің баламен отыруына байланысты қашықтан басқару немесе қашықтан жұмыс істеу формалары көптеген елдерде еніп жатыр. Біз осы мәселені бастама ретінде көтеріп, ұлттық комиссияда қарастырып, облыстарда ілкі жобаларды іске асырамыз. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен алдағы уақытта осыны заңды түрде бекіту мәселелерін қарайтын боламыз. Яғни оны тәжірибе жүзінде іске асыру қажет»,-деді министр.