Ұлттық компанияларға кәсіби білікті мамандар тарту тетігі іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің ұлттық холдингтері мен ұлттық компаниялары ірі нысандар бойынша мәмілелерге қолдау көрсету үшін тәуелсіз консультанттарды іріктеуге кірісті. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарланды.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының ережесіне сәйкес, тәуелсіз консультантты және бағалау қызметін ұсынушыны таңдау тәртібі айқындалған болатын. Осыған орай, қазіргі күні әлеуетті қатысушылардан бағаға қатысты ұсыныстар мен сұранымдар қабылдау процесі жүргізілуде.

Ережелерге сәйкес, тәуелсіз консультанттарды анықтау жөніндегі конкурсқа отандық қаржы нарығының өкілдері де қатыса алады. Оған қатысу үшін ұлттық компанияның нысандарын бәсекелестік ортаға сату бойынша бағаға қатысты ұсыныстар жасап, сонымен қатар, компанияның қызметіне шағын шолулар ұсыну қажет. Коммерциялық ұсыныстар тікелей ұлттық компанияларға жолданады.

«Қазіргі таңда Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс және жекешелендіру комитетінің жанынан, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ», «Бәйтерек» ҰБХ, «ҚазАгро» холдингі жанынан Жобалық кеңселер ашылып, оның жұмысына халықаралық консультанттар, халықаралық қаржы институттарының сарапшылары, Қазақстан Қор биржасының өкілдері тартылған. Ондағы жұмыс топтарын құрудағы мақсат - жекешелендірілетін нысандар туралы оның шарттарын, пакет акцияларының мөлшерін, сату мерзімдерін қамтыған ұсынымдар әзірлеу» - делінген баспасөз баянында.