Ұлттық қор активтері бір айда 1 млрд долларға қысқарды - Ерболат Досаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қор активтері бір айда 1 млрд долларға қысқарды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 10 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндаған ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын ала деректер бойынша қазанда Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері көбінесе мемлекеттік борышты төлеу және интервенция жүргізу есебінен 33,6 млрд АҚШ долларына дейін 200 млн АҚШ долларына төмендеді. Ұлттық қордың активтері республикалық бюджетке 230 млрд теңге көлемінде кепілдік берілген трансфертті бөлу, сондай-ақ пандемияның қайталану тәуекелдерін іске асыруға байланысты қаржы нарықтарындағы теріс түзетулер есебінен бір айда 1 млрд АҚШ долларына қысқарып, 56,3 млрд АҚШ долларын құрады», - деді ол.

ҰБ төрағасының айтуынша, қазандағы теріс түзетулерге қарамастан, 2020 жылдың басынан бастап инвестициялық кіріс шамамен 950 млн АҚШ доллары болды.

«Осы жылғы қазанның соңында Қазақстанның халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша бір айда 1,3 пайызға азайып, 89,9 млрд АҚШ долларын құрады», - деді Ерболат Досаев.