Ұлттық қордың активі 58 млрд долларға жетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ұлттық қор активтері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдын ала дерек бойынша ұлттық қордың активтері қарашаның соңында бір айда шамамен $1,7 млрд долларға ұлғайып, $58 млрд долларға жетті.

«Бұған дейін атап өткенімдей, вакцинаның сәтті болуы туралы жаңалықтар, сондай-ақ әлемдік жетекші компаниялардың тоқсандық есептілігіндегі оң деректерді қаржы нарығының қатысушылары жақсы қабылдады. Нәтижесінде акциялардың негізгі индекстерінің біршама өсуі байқалды. Мәселен, MSCI жаһандық акциялар индексінің кірістілігі қарашада 12,8% болды. Нарықтарда байқалған оптимизм аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қарашада $2 млрд долларды құрады, оның ішінде $1,6 млрд доллардан астамы акциялар портфелі есебінен болды. Ағымдағы жылдың басынан бастап инвестициялық кіріс шамамен $3 млрд долларға жетті»,– дейді спикер.

Республикалық бюджетке 230 млрд теңге сомасында кепілдік берілген трансферт бөлу бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында қарашада ұлттық қордың валюталық активі шамамен $541 млн доллар сомасына сатылды.

Бұл ретте қарашада ұлттық қорға түскен валюталық түсім $198 млн долларды құрады.