Ұлттық қордың валюта активтері көлеміне қай факторлар әсер етті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова биыл шілде айындағы Ұлттық қордағы валюта активтерінің көлеміне әсер еткен факторлар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шілденің соңында Ұлттық қордың валюталық активтері бір айда 450 млн АҚШ долларына азайып, 56,9 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен айда Ұлттық қордың валюталық активтерінің төмендеуі көбінесе республикалық бюджетке жалпы сомасы шамамен 477 млрд теңге көлемінде кепілдік берілген және нысаналы трансферт бөлуге байланысты болды. Бұл ретте қорға түскен түсімдер шілдеде 40 млрд теңге болды, оның ішінде шетел валютасындағы түсімдер 65 млн АҚШ долларын құрады», - деді Ә. Молдабекова.

Оның айтуынша, өткен айда әлемдік нарықтардың қолайлы конъюнктурасы байқалды. Мысалы, облигациялардың, акциялардың және алтын бағасының өсуі аясында шілдеде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 590 млн АҚШ долларын құрады.

«Жыл басынан бері Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 2 млрд АҚШ доллары немесе 3,5% болды. Акциялар нарығының өсуі оң инвестициялық кірістің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Ұлттық банк Ұлттық қорды басқару тиімділігін арттыру және ең көп кірісі бар активтер санаттарының үлесін арттыру стратегиясы аясында акциялардың үлесін ұлғайтты. Акциялармен қатар дамушы нарықтардағы корпоративтік облигациялар мен еурооблигациялардың үлесі артты», - деді ҰБ өкілі.