Ұлттық қорғаныс университетін бітірушілер офицерлердің қатарын толықтырды

АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде оқу орнын бітіріп шыққан кезекті тыңдаушыларды шығарып салу салтанаты болды,

деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен. Биылғы 60-тан астам бітіруші түлек оқу орнын «Әскери және әкімшілік басқару», «Әскери білім», «Техникалық қамтамасыз етуді басқару», «Тылдық қамтамасыз етуді басқару», «Тәрбие, әлеуметтік-құқықтық үдерістерді басқару» мамандықтары бойынша «Магистр» академиялық дәрежесімен тәмамдап отыр. Олардың арасында төрт офицер оқуды үздік бітірді. Олар - подполковниктер Руслан Көкішев, Жандар Әшірбеков және майорлар - Сергей Арыстанбаев, Мұрат Шақаев.

Айта кету керек, бұл оқу орнында тек Қорғаныс министрлігінің офицерлері ғана білім алмайды. Мұнда басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың өкілдеріне де оқуға мүмкіндік жасалған. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кіретін көршілес Тәжікстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының әскери қызметшілері де осында оқиды.

Ұлттық қорғаныс университеті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери академиясының базасында құрылған.

Бұл жоғары оқу орнының бүгінгі таңдағы негізгі міндеті - әскери мамандарға магистратура, адьюнктура бойынша ғылыми-педагогикалық жоғары әскери білім беру болып табылады. Сонымен бірге, жоғары әскери білімді мамандардың біліктілігін арттыру, оларды жоғары академиялық курстарда курстық дайындықтан өткізу, әскери ғылым саласындағы ғылыми ізденістерге жағдай жасау да бар.

Ұлттық қорғаныс университеті Орталық Азия аймағындағы офицерлерге жоғары әскери білім беретін, Қарулы Күштер мен басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар үшін мамандарды қайта дайындауды жүзеге асыратын бірден-бір оқу орны.