Ұлттық құраманы жасақтауда жергілікті спортшыларға басымдық беру керек - Әбілсейіт Айханов

АЛМАТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ұлттық құраманы жасақтауда жергілікті спортшыларға басымдық беру керек.

КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы, КСРО жүлдегері, КСРО кубогының иегері Әбілсейіт Айханов  қалалық еркін күрес қауымдастығының кубогы үшін Алматыда өткен «Оңтүстік астана» деп аталатын 6-шы республикалық турнирде осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын бұл турнир биыл аса ауыр салмақтағы даңқты қазақ балуанын құрметтеуге арналған болатын. Достық спорт кешенінде өткен  дүбірлі дода екі күнге созылды.

 «Жалпы соңғы жылдары түрлі деңгейдегі байрақты бәсекелерде үздік техникасымен ерекше көзге түсетін балуандар азайып кетті. Бұл үрдіс Қазақстанда да айқын аңғарылып отыр. Бұған  ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген сырттан келген балуандар өз үлесін қосуда. Олар жаттығуды негізінен сырт елде  жасап, тек жарыстарға ғана Қазақстан атынан қатысып жүр», дейді ҚР Құрметті спорт қайраткері Әбілсейіт Айханов. «Құрмет белгісі» орденінің иегері, профессор Ә. Айхановтың пайымдауынша, мектеп оқушысы сияқты спортшылар да жаттығу кезінде әртүрлі бапкердің тәлім-тәрбиесін көруі керек. Сонда ғана әрқилы әдіс-айланы меңгеріп, техникаларын үздіксіз жетілдіруге қол жеткізеді.

 «Мәселен 96 килә салмақта белдесетін Дәулет Шабанбай Таймураз Тигиевті  былтыр Шымкенте өткен Қазақстан кубогында да, Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында да ұтты.  Алайда Бейжің Олимпиадасында Д. Шабанбай  емес Т. Тигиев өнер көрсетті. Біз оның  күміс медаль олжалағанына тоқмейілсімеуіміз керек.  Дәулет өзін мойындату үшін көп күш-жігерін жұмсады. Егер ол бұл дүбірлі додаға қатысса, жүлдеге ілінбесе де еліміздегі көптеген жастың көңіліне үміт отын жағып, намысын оятар еді. Өкінішке орай  мұндай жағдай өзге салмақ дәрежелерінде де жалғасып келе жатыр. Олар өзін мойындату үшін бірнеше жыл бойы үздіксіз тер төгумен қатар, үнемі жүйкесіне үлкен  жүк түсіреді. Егер оны көтеріп, өзін дәлелдеген кезде жасы да біршама ұлғайып қалады да еріксіз спорттан кетеді. Біз оның алдын алу үшін осы бастан қам жасап  өзімізді өзіміз бағалай білуіміз керек. Өзгенің қаңсығы бізге таңсық болмауы тиіс», дейді шеберлігін күллі әлемге мойындатып, есімін аңызға айналдырған Әбілсейіт Айханов.