Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 2-турында алматылық волейболшылар көшбасшылықты сақтап қалды

АЛМАТЫ. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қызылжарда 6-11 желтоқсан күндері волейболдан ерлер арасында ХХ Қазақстан чемпионатының 2-туры өтті.

Онда барлық қарсыласынан басым түскен «Алматы» волейбол клубы 28 ұпаймен турнир кестесіндегі көшбасшылықты сақтап қалды. Бастапқы кездесулерде негізгі бәсекелестерін ойсырата ұтқан олар соңғы 2 кездесуді 3:2 есебімен аяқтап, қарсыластарымен ұпай бөлісті.

Жарыс қорытындысында 21 ұпаймен Хромтаудың «ТНК «Қазхромы» мен 16 ұпаймен Өскеменнің «Шығыс-ҚорғасынҚұрылысы» үздік үштікте келе жатыр. Турнир кестесінің екінші жартысындағылардың қоржынында «Атырауда» - 12, жарыс қожайындарының «Есілінде» - 10, ал Оралдың «Конденсатында» - 3 ұпай бар. Ел чемпионатының 3-тур ойындары енді 12-17 қаңтарда Өскеменде жалғасады.