«Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-да жаңа тағайындаулар болды

АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат - Елордада өткен «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысында аталған холдинг басқармасы төрағасының медициналық мәселелер жөніндегі орынбасары болып Тамара Вощенкова, экономика және қаржы жөніндегі орынбасары болып Сәуле Тәжібаева тағайындалды.

Бұл ақпаратты холдингтің баспасөз қызметі таратып отыр.

Тамара Вощенкова 1959 жылы дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. Осы уақытқа дейін ол Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы директорының орынбасары, бөлім бастығы, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарған.

Сәуле Тәжібаева 1975 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Жаңа тағайындауға дейін Ұлттық медициналық холдингтің экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры лауазымында қызмет атқарған. С.Тәжібаева әр жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ Бюджеттік жоспарлау және экономикалық сараптама департаментіне, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Экономика және қаржы департаментіне басшылық жасаған.

Отырыс барысында Ұлттық медициналық холдингінің еншілес ұйымдарының Директорлар кеңесінің төрағалары бекітіліп, бұған дейінгі Директорлар кеңесі өкілдерінің өкілеттілігі тоқталған.

Сонымен, Шарман Алмаз Төрегелдіұлы - «Республикалық диагностика орталығы» АҚ, «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ басқармасының төрағасы; Вощенкова Тамара Анатольевна - «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы»; Сұлтанов Тоқан Анарбекұлы - «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы»; Асатова Ақмарал Болатайқызы - «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ Директорлар Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.