Ұлттық мереке қарсаңында Абай облысында 13 үйдің іргетасы қаланды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Республика күні қарсаңында Абай облысының Ақсуат ауданында 13 тұрғын үйдің іргетасы қаланып, құрылысы басталды. Бұл туралы аталған өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақсуат ауданындағы 26 пәтерлі 13 баспананың құрылысы басталды. Ақсуат ауылындағы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға арналған үйлердің дизайны да тартымты етіп жасалмақ. Әр пәтердің жалпы аумағы 85 шаршы метр болады», - деп мәлім етті жергілікті құзырлы органның баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, Ұлттық мереке қарсаңында Семей қаласында 64 отбасыға пәтер кілті табыс етілген болатын. Тұрғын үй шаһардағы «Қарағайлы» шағын ауданында орналасқан.

Сонымен қатар, осы күндері Павлодар облысында кезекте тұрған көпбалалы және толық емес 108 отбасы баспаналы болды.

Мерекеге орай, Қарағанды облысында да мәдениет және өнер саласының 40 қызметкеріне пәтер кілттері табысталды.