«Ұлттық мұра» І автошеруі Алматыдан басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейі Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылданғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ұлттық мұра» автошеруі басталатынын хабарлайды, деп жазады ҰМ баспасөз қызметінен.

Автошеру республиканың музей қызметкерлерін шоғырландыру және олардың күшімен мемлекеттік бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отыр.

Жоба 3 жылға арналған. Алғашқы «Ұлттық мұра» автошеруінің маршруты Қазақстанның оңтүстік және орталық аймақтарындағы мәдени-тарихи нысандар мен облыстық музейлерді аралауды жоспарлаған. Аталған жобаның басты бағыттарының бірі - Ұлттық музей қорына бірегей мәдени құнды бұйымдарды тауып өткізу туралы тұрғындар арасында ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізу. Он күнге созылатын автошеру 10 қыркүйекте Алматы қаласынан басталады. «Ұлттық мұра» І автошеру» жобасы «Allur Auto», «СарыаркаАвтоПром», «Агромашхолдинг», «Shell Helix» бренд белгісімен «TURKUAZ AUTOMOTIVE» компанияларының қолдауымен өтеді.