Ұлттық мұрағат директоры Марат Әбсеметовтің айтуынша, ұлттық мұрағат көрмесіне тарихи құжаттардың көшірмелері қойылған. «Көрмеге шетел мұрағаттарында, ғылыми мекемелерде тұрған ХVI-XX ғасырлардағы бірегей мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін қойып отырмыз. Әсіресе, Қазақ хандығы кезеңіне қатысты құжаттар өте құнды дерек болып отыр», - дейді ол.
Ал, суретші-график Рақымжан Қасымжан болса, қазақ батырларының, жылқылар мен қазақ сұлуларының суретін ақ-қара түсте келбеттеп берген.
«Бұл тақырыпта, яғни, қазақтың жаугершілік замандағы бейнелерін, батырлардың келбеттерін, жауынгердің сауыт-саймандарын ақ-қара түсте бұрыннан салып жүрген едім. Міне, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында көрме өткізудің орайы келіп, 28 суретімді халық назарына ұсынайын деп шештім. Айтайын дегенім, мен осы суреттерді саларда, музейлерге барып, қол өнер шеберлеріне барып, қылыштың қандай болатынын, жауынгердің киімдері қандай болғанын әбден зерттеп алдым. Сондықтан, суреттерімдегі бейнелер шын бейне, шын тарих», - дейді суретші Рақымжан Қасымжан.
Ұлттық мұрағатта ашылған көрме қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.