Келісімнің негізгі мақсаты - еліміздің тарихына арналған бірлескен телевизиялық жобаларды жүзеге асыру.
«Музейдің алатын аумағы 73 мың шаршы метрден асатын болады. Орталықтың негізгі миссиясы мен мақсаты - өткенімізді, бүгінімізді, болашағымызды тек қана Қазақстан азаматтарына ғана емес, сондай-ақ шетел қонақтарына да таныстыру. Яғни онда болған адам Қазақстан қандай ел екенін толықтай біліп шығатындай мұражай болуы тиіс. Қазіргі уақытта оның құрылысы жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Болашақта мұражайдың мазмұнына ерекше мән аударылады. Оған жетерлік материалдар бар. Оның қорын қалыптастыруға біз көптеген жұмыстар жасаудамыз. Біз «Еуразия» телеарнасымен бірге осы жұмыстың бас-аяғын көрсету үшін, елге таныстыру үшін аталмыш меморандумға қол қоюды жөн деп таптық», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай меморандумға қол қою рәсімінде.
«Еуразия» арнасы бас директорының бірінші орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, телеарна музейдің қазіргі қалыптасу сәтін, толыққанды жұмыс істей бастаған кезін, оның көптеген экспозицияларын көрермен назарына ұсынатын болады.
Елбасының бастамасымен Астанада бірегей жоба - Ұлттық мұражайдың құрылысы жүзеге асырылады. Ол бес бағыттан тұрады: Астана тарихының мұражайы, тәуелсіз Қазақстан тарихының мұражайы, Қазақстан тарихының мұражайы, алтын мұражайы, заманауи өнер мұражайы. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында табылған тарихи жәдігерлер мұражай экспозицияларынан лайықты орын тебеді. Бұл тамыры тереңге кеткен, біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырларға тиесілі, табылып, зерттелген бірқатар алтын жәдігерлер, табылғанына көп болмаған бірегей дүниелер, сондай-ақ ерекше зергерлік бұйымдар, археологиялық материалдар, фото және бейнематериалдар. Тұңғыш Президент күніне орай, тәуелсіз Қазақстанның нышаны ретінде Астана тарихының мұражайы ашылады деп жоспарлануда. Бұл 14 залға бөлінетін, көрме аумағы 14 000 шаршы метрден асатын ауқымды жобаның бір бөлігі ғана.