Орталық Азия аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көрме Ұлттық музейдің Заманауи залдарында 2014 жылдың 26 қыркүйегі мен 5 желтоқсаны аралығында өтеді.
Экспозиция 3 инсталляциядан және мүсіннен тұрады. Әрбір инсталляция суретшінің ақиқатқа айналған ойы мен қиялының көкжиегін көрсетіп, өнерсүйер қауымды бірегейлігімен таң қалдырады.
«Бүгін британдық атақты мүсінші Цадок Бен-Давидтің «Түн ортасының арғы беті» атты жеке көрмесінің ашылуына жиналып отырмыз. Мүсіншінің жеке көрмелері дүниежүзі бойынша үнемі мыңдаған көрермен жинайды. Мүсіндер жаратушысы атанған Бен-Давид мырзаның көрмелері Италияда, Германияда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда, АҚШ-та, Сингапурде, Украинада табысты өткен. Еуропа мен Шығыс Азияның, АҚШ-тың, Израилдің, Австралияның беделді музейлері мен жеке өнер коллекционерлері оның туындыларын құрметпен қарайды.
Ұлттық музей әлемдік деңгейдегі өнер тарланының көрмесін Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші болып ұйымдастырып отырғанын мақтан тұтады», - деді Ұлттық музейдің директоры Д.Мыңбай көрменің ашылу салтанатында.
Өз кезегінде мүсінші Цадок Бен-Давид: «Ұлттық музейдің ұжымына ризашылығын жеткізіп : «Менің көрмемді қолдағандардың барлығына, оның ішінде Ұлттық музейдің директорына және менімен 3 апта бірге жұмыс істеген музей қызметкерлеріне алғыс білдіремін. «Түн ортасының арғы беті» атты көрмем музейде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Ал «Қара алаң» атты инсталляция музейлерді 2007 жылдан бері аралап жүр», - деді.
«Blackfield» («Қара алаң») инсталляциясы көз алдыңызға тот баспайтын құрыштан ойылған 20100 дана өсімдік «егілген» құмайт жерді елестетеді. Мұндағы гүл және шөп бейнесіндегі қолдан боялып жасалған мүсіншелер ХVIII-ХIХ ғасырлардағы викториандық энциклопедиялардағы өсімдіктердің көшірмесі болып табылады. Мүсіндердің бір беті қара түсті болса, екінші беті сан алуан түстерге ауысып тұрады. Өмір мен өлім қашанда жақын, қашанда бірге. Цадок Бен-Давидтің түсінігіндегі тіршілік метафизикасы осындай.
«The Other Side of Midnight» («Түн ортасының арғы беті») инсталляциясын көрсету үшін арнайы «Қара бөлме» жасақталды. Бұл жерге флуоресцентті түске боялған 2000-дай көбелек пен түрлі жәндіктерден тұратын диаметрі 3 метрлік дөңгелек орналастырылды. Ультрафиолет сәулелері астында осы дөңгелекке «жан» біткендей болады.
«Blackflowers» («Қара гүлдер») инсталляциясы алюминийден ойып қолмен жасаған 22 гүлден тұрады. «Blackflowers» - «Blackfield» инсталляциясының метонимиялық жалғасы іспетті. Мұнда суретші белгілі бір гүлдерді адам бойымен бірдей биіктікке дейін үлкейткен. Мүсіндердің қою қара түсі, сондай-ақ олардың жіңішке әрі нәзік сұлбасы - суретшінің ойына бағынған.
Осы инсталляцияларды жасау үшін суретшіге 10 адам ассистент болды. Олар Задок Бен-Давидпен бірге 3 жыл тынымсыз еңбек етті.
Цадок Бен-Давид 1949 жылы Йеменде дүниеге келген. Бала кезінде ата-анасымен бірге Израильге қоныс аударған. Иерусалимдегі Бецалель Ұлттық өнер академиясында (Bezalel Academy of Arts) білім алған. Кейін Рединг университетін (Design University of Reading) және Әулие Мартин атындағы Орталық өнер және дизайн колледжін (Central Saint Martins College of Art and Design) тәмамдап, оқуын Англияда жалғастырған. Қазір суретші Лондонда жұмыс істейді.
Суретшінің жеке көрмелері Лондоннан Оңтүстік Кореяға дейін дүниежүзінде үнемі жоғары деңгейде өтеді. Мұны көрмеге келушілер санынан аңғаруға болады.
1988 жылы Венецияда өткен халықаралық заманауи өнер биенналесіне ол Израиль атынан қатысты.
2008 жылы Пекинде өткен жазғы Олимпиада ойындарының ресми мүсіншісі ретінде таңдалды.
Бен-Давид Цадок - көптеген марапаттар мен сыйлықтардың лауреаты: Португалияда өткен 14-ші Халықаралық биенналенің (2007) Бірінші жүлдесін; Тель-Авив музейінің мүсін өнеріндегі жетістіктері үшін сыйлығын (2005) иеленген.
Цадок Бен-Давидтің жасаған мүсіндері Яд ва-Шем мемориалдық кешеніндегі (Израиль) Партизан панорамасының нақ ортасында орналасқан. Соңғы бірнеше жыл ішінде Бен-Давидтің шығармалары Италия, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Сингапур, Украинада көрсетілді. Оның шығармалары Еуропа, Шығыс Азия, АҚШ, Израиль, Австрияның мемлекеттік және жеке коллекцияларына енген. Цадок Бен-Давид дүние жүзінде кең танылған және көпшілік мойындаған өзіндік көркем стилін қалыптастырған.