Ұлттық музейде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған конференция өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға елімізге белгілі ғалымдар - Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Айгүл Ісімақова, Сұлтанхан Аққұлы, Дихан Қамзабекұлы, Ербол Тілешов, Шерубай Құрманбайұлы, Берік Әбдіғали, Қайрат Сақ, Жандос Смағұлов т.б., қаламгерлер, зиялылар, тіл жанашырлары, депутаттар, мекеме басшылары, тарихшылар мен әдебиетшілер, магистранттар мен студенттер қатысты.

Сондай-ақ, аталмыш шараға Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған топырағы - Ақтоғай жерінен аудан әкімі бастаған бір топ делегаттар келді. Олардың ішінде Ұлы тұлғаның әулетінің ұрпақтары, жақын туыстары да бар.
Конференцияға қатысушылар Әлихан Бөкейханның тәуелсіздікке бастау болған идеяларын, Алаш қозғалысын, Ә.Бөкейханның шығармашылығын, аударма ісіне қосқан үлесін тақырып етіп алып, жан-жақты баяндамалар жасады.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлы Әлиханның осы күнге дейін белгісіз болып келген қырларын «Біз танымайтын Әлихан» атты баяндамасында сөз етті.

Конференция барысында, сонымен қатар, Сұлтанхан Аққұлының авторлығымен шыққан Әлиханның өмірі мен сан қырлы қызметі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі 2 томнан тұратын ең алғашқы 2 кітап - қазақша «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы», «Әлихан Бөкейхан. Аманат», орысша «Алихан Букейхан. Творец истории» және «Алихан Букейхан. Завещание» атты қос монографияның тұсауы кесілді.

ҰҒА корреспондент-мүшесі филология ғылымының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы: «Әлиханның әрбір сөзі, әрбір ойы ұлтқа, қазақтың тәуелсіздігіне арналған. Бұл бекер емес. Себебі, Алаш арыстарының барлығы намыстың қайнауынан шыққан, елдің жоғын жоқтап шыққан, әрбір сөзінде ұлттық жауапкершілік болған. Сонымен қатар жоғарыда аталғандардың барлығы олардың көкейінде тұрған. Нәтижесінде қағазға да солай түсті. Сондықтан біз Әлиханның еңбегін оқығанда таң қаламыз. Осыншама елге деген, ұлтқа деген адалдық болады екен ғой деген ой келеді», - деп, Әлихан Бөкейханның ұлтжандылығын тілге тиек етті.

Конференцияның мақсаты - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғұлама ғалым әрі шебер аудармашы - Әлихан Бөкейханның өмірі мен қоғамдағы рөлін, қызметін жан-жақты терең зерттеу, тану, таныту, келешек жас ұрпаққа насихаттау. «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мен еліміздің тәуелсіздік алуына өлшеусіз үлес қосқан, туған елін тәуелсіздік мұратына ұйыстыра білген қозғалыс көшбасшыларының мұрасын тарату мен қалың көпшілікке дәріптеу.

Азаттықты аңсаған, сол жолда қызмет атқарған күрескер бабаларымыздың ұлы мұраты ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жүзеге асқанын, Елбасы алға тартқан «Мәңгiлiк Ел» идеясы «Алаштың» негізгі ұстанымы - қазақ бостандығымен тығыз үндесіп жатқанын көпшілікке жеткізу.