Ұлттық музейде Эрмитаж күндері басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Эрмитаж күндері» басталды. Тұңғыш Президент күнінің аясында басталған шара 1-2 желтоқсан күндері жалғасады.

Ғылыми реставрация, ғылыми-ағартушылық жұмыстары, музей экспонаттарын сақтау мен қорғау бойынша музей ісінің мықты мамандарынан құралған делегацияны тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей музейлері одағының төрағасы, исламтанушы, Мемлекеттік Эрмитаждың Бас директоры Михаил Пиотровский бастап келген.

«Менің Қазақстанға келгендегі мақсатым - Астана, Қазақстанның Ұлттық музейінде Эрмитаж күндерін өткізу. Жалпы, желтоқсан айының басында Эрмитаж күндерін ұйымдастырып, жыл бойы атқарған жұмысымызды қорытындылаймыз. Биыл өз елімізде есеп берместен бұрын, Астанаға келіп, Эрмитаж күндерін ұйымдастырып жатырмыз. Шара аясында өзара тəжірибе алмасамыз. Ұлттық музейге бұл алғаш келуім»,-дейді М.Пиотровский.

Жалпы, Астанадағы Эрмитаж күндері Мемлекеттік Эрмитаж бен ҚР Ұлттық музейінің арасындағы бірлескен ынтымақтастық шартын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған. Эрмитаж күндерінің аясында Ұлттық музейде лекциялар, семинарлар, музей қызметкерлерінің өзара кездесуі, сондай-ақ, Эрмитаж туралы виртуалды көрме сияқты халықаралық жоба аясында музей салаларын дамыту сияқты мəселелер талқыланады.