Ұлттық музейде қазақ құқығының тарихы туралы көрме ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық музейiнде "Қазақ құқығының тарихы" атты көрме ашылып, "Конституция - қазақстандық қоғамның негiзi" тақырыбында дөңгелек үстел өттi.

"Қазақстан Республикасының қазiргi Конституциясының тарихы ғасырлар қойнауынан басталады. Тiптi, 1465 жылы құрылған Қазақ хандығының тарихымен тығыз байланысты. Көрмеде "Қазақ құқығының тарихи" туралы көрмеде Қасым ханның қасқа жолы, Есiм ханның ескi жолы,Тәуке ханның "Жетi жарғысынан" бастау алатын қазақ елiндегi құқықтық шарттар туралы құжаттар бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының қазiргi Конституциясының алғышарты 1917 жылы 13 шiлдеде I Жалпы қазақ съезiнде жарияланған Алаш автономиясының қаулысымен тұжырымдалған едi. Көрмедегi фотоқұжаттар мен мұрағаттық материалдар 1926 жылғы Қазақ АКСР-ның Конституциясы, Қазақ КСР-ның 1937 және 1978 жылғы Конституциясының және Тәуелсiз Қазақстанның 1993, 1995 жылдары қабылданған Конституциясының ережелерi туралы ақпарат бередi",- дейдi ҚР Ұлттық музейi Заманауи өнер орталығының кiшi ғылыми қызметкерi Тоғжан Әдiлбекова. Оның айтуынша, көрмеде құнды жәдiгерлер ұсынылған. Олар - республикалық мұрағаттардан алынған құжаттардың көшiрмелерi. Соның ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы Конституция қабылданған кезде айтқан және жазған сөздерiнiң көшiрмесi бар.