Ұлттық музейде корей суретшісінің «Күлімдеген әлем» атты көрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық музейде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен танымал кореялық суретші Ли Чольсудың «Күлімдеген әлем» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Көрмені ұйымдастырушылар - Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі мен ҚР Ұлттық музейі.

Ұлттық музей баспасөз қызметінің мәліметінше, Ли Чольсудың бүкіл әлемге әйгілі графикалық туындылары қазақстандық өнерсүйер қауымға алғаш рет ұсынылып отыр. Бұл - өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап 2017 жылға дейін салынған 60 графикалық сурет.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Леонид Кочетов шараның маңызына тоқталды.

«Біз Қазақстан Республикасындағы Корея елшілігімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Өткен жылы Қазақстан мен Корея Республикасының дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толуына орай «Корей бейнелері» және «Қазақстан кәрістері» тақырыбында көрмелер ұйымдастырғанбыз. Осы бағытта Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын іске қосып, Сеулдегі Корей Ұлттық музейінде көрсетуді жоспарлап отырмыз. Болашақта екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында түрлі мәдени шаралар жалғасын табады», - деді.

Ли Чольсу солтүстік Чхунчхон провинциясында өмір сүрген 30 жылдың ішінде өнермен айналысып, егіншілік саласында еңбек еткен. Қарапайым сызықтармен орындалған әсерлі суреттер, оларға жазылған керемет мәтіндер - оның еңбектерінің басты ерекшелігі.

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ-Сиктің айтуынша, Ли Чольсу - өте талантты тұлға.

«Оның туындылары бейбітшілік, бірлік, тіршіліктегі ортақ үйлесімді насихаттайды. Ли Чольсу шығармашылығындағы басты тақырып - адамның ішкі жан-дүниесі. Ли Чольсу тек сурет салып қана қоймай, өлең де жазады. Оның шығармалары әлемдік деңгейде таныстырылып, көптің көңілінен шыққан болатын. «Күлімдеген әлем» сіздерге де ұнайды деп сенемін», - деді ол өз сөзінде.

Суретші Ли Чольсудың көрмелері Базель (Швецария, 2016), Сахалин (2017), Сиэтл (2017) қалаларында өткен. Биыл Венгрия, Испания, Германия, Франция және Бельгия сынды елдерді қамтыған еуропалық турненің бір бөлігі ретінде Қазақстанға келді.