Ұлттық музейде «Түркімен суретшілерінің әлемі» атты көркемөнер туындылары көрмесі ашылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейінде Түркіменстан Бейтараптылығының 20 жылдығы аясында «Түркімен суретшілерінің әлемі» атты көркем өнер туындылары көрмесінің ашылу салтанаты болды.

Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, Түркімен Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Магтымгулы Акмырадов қатарлы лауазымды тұлғалар және өнер мен мәдениет қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды музейдің баспасөз қызметінен.

«Бұл - бізге жақын туысқан халық. Сонау тарихтар қойнауынан бері қарай екі ел де бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болып келеді. Түркіменстан мен Қазақстанның арасында ортақ шекарамыз да бар. Сонымен қатар мәдениет пен өнеріміз де әрқашан сабақтасып дамып келеді. Түркімен суретшілерінің бізге келіп ашып жатқан көрмесі біздің рухани және мәдени өмірімізге серпін беретін игі іс деп ойлаймын», - деді жиында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев.

Бұл шара Ұлттық музейдің «Әлемдік мәдениет және заманауи кескіндеме» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Жиында сөз сөйлеген Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай былай деді: «Бүгінгі көрме Түрікмен Республикасының Бейтараптылығының 20 жылдығына арналып отыр. Көрмедегі өнер туындылары әр түрлі жанрда кескінделген. Осы көрме түрікмен халқының рухани байлығын, талантты адамдарының еңбегін көрсетеді. Екі туысқан халықты біріктіретін рухани, мәдени, тарихи дүниелер өте көп. Екі ел де арғымақ атты өте жоғары бағалайды. Олардың да біздегі сияқты күйшілік өнер бар. Мұның барлығы екі елді байланыстырып жатқан рухани жіп деп айтуға болады. Бүгінгі көрме рухани әлемімізді одан сайын жақындастыра түседі деген ойдамыз».

«Түркімен суретшілерінің әлемі» көрмесін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Түркімен Республикасының Қазақстандағы Елшілігі және ҚР Ұлттық музейі ұйымдастырып отыр. Салтанатты шарада сөз алған Түркімен Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Магтымгулы Акмырадов Ұлттық музей қабырғасынан түрікмен суретшілеріне орын беріп, көрме ұйымдастырған қазақ халқының туысқандық ізгі ниетіне рахметін айтты.

Көрмеге түркімен суретшілерінің 40-тан астам кескіндеме және декоративті-қолданбалы өнер туындылары қойылған.

Көрме 23 қазанға дейін жалғасады.