Ұлттық музейде «Үлкен ел - үлкен отбасы» фотокөрме ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстанда басталған қазақстандық біртектілік және жалпыұлттық бірлікті қалыптастыруға бағытталған жалпыұлттық «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырылған «Үлкен ел - үлкен отбасы» фотокөрмесінің ашылуы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасының идеясын Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-сессиясында ұсынған болатын. Жоба қазақстандық біртектілікті және қоғамдық келісімді нығайтудың бұлтартпайтын үлгі-нұсқасы болды.

Фотокөрме тарихи феноменді - корей, ұйғыр, неміс, өзбек театрларының өзінің этникалық отанынан тыс жерде мемлекеттік деңгейде жұмыс жасайтын жалпыұлттық бірліктің және алуан түрлі мәдениеттің қазақстандық моделін ашып көрсетуге бағытталған.

Фототуындылар ұлттық мәдениеттердің ашық бояуларына қанық: бірінде кезекті ұлттық мерекенің сауық-сайраны, енді бірінде ұлттық мерекеміз - Наурыз, үшіншісінде - ел өміріндегі жауапты сәт - сайлау және тағы басқа көріністер бейнеленген.

Ұлтаралық, конфессияаралық келісім, Қазақстан халқының бірлігі сынды қазақстандық басты құндылықтарды насихаттау Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қызметіндегі басымдылықтардың бірі. Еліміздің көпұлтты үлкен отбасы өмірлері елдің толыққанды өміріне келіп қосылатын, өзіне де, туыстары мен жақындарына да, қоғамға да пайда келтіретін көптеген отбасылардан тұрады.

Көрме 2016 жылдың 25 қарашасы күні да сағат 11:00-де ашылады.