Ұлттық музейде «Ұлы дала перизаттары» атты дизайнерлер сайысы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейінде «Ұлы дала перизаттары» атты республикалық дизайнерлер сайысы өтті.

Шара қазақ халқының ұлттық киім үлгілерін заманға сай үйлестіру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен Жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттері мен сән үйлерінің өкілдері қатысты.

«Шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - қазақ халқының дәстүрін жандандыру. Ең біріншіден ұлттық киімдерімізді жан жақты танытуымыз қажет. Азаматтарымыз шетелге барғанда олардың Қазақстаннан екенін білдіріп тұратын айрықша киім үлгісі болуы тиіс», - дейді «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығының төрайымы Шолпан Сыздықова.

Оның айтуынша, болашақта үздік киім үлгілерін көпшілікке қолжетімді бағамен сатылымға шығару көзделіп отыр.

«Ұлттық киімдеріміз күнделікті өмірге ену үшін халықтың санасын біртіндеп өзгерту қажет. Қазірдің өзінде отандық шоу-бизнес өкілдері неофальклорлық стильдегі киімдерге үлкен қызығушылық танытуда», - дейді ол.