Ұлттық музейдегі алтын бұйымдар мен қазақтың зергерлік заттары каталог болып шығарылды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Қазына» сериясы аясында басылып шығарылған «Ғасырлар алтыны. Ұлттық музейдің алтын және күміс бұйымдарының топтамасы» және «Ұлттық музей топтамасындағы қазақтың зергерлік өнері» атты иллюстрациялы каталогтарының тұсаукесері өтті.

«Екі бірдей каталог альбомының тұсаукесері болып жатыр. Бұл екі кітап біздің «Қазына» сериямызбен шығып жатыр. Осы музейде жиналған алтын мен күмістердің барлығын жинақтап, оны ғылыми айналымға түсіру үшін жүйелеп, каталогтар жарыққа шығарылды», - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай.

Осы ретте ол еліміздің аумағында көптеген құнды жәдігерлер табылғанын айта келе: «Бұл заттар тек өнер мен өрнек қана емес, сол кездегі біздің ата-бабаларымыздың дүниетанымын көрсететін айғақты белгілер. Біз осы жәдігерлерге құрметпен қараймыз және олардың әрқайсысы әлі де зерттеуді қажет етеді. Сондықтан аталған каталогтардың шығуына еңбегін қосқан барша азаматтарға алғсымды айтамын»,-деді.

Сериялық басылымды дайындау мен басып шығарудағы негізгі мақсат - Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы мен мәдениетіне қатысты тың материалдарды жинақтау, ғылыми талдау және толыққанды дерек ретінде басып шығару, ғылыми айналымға енгізу.

Көне заманның теңдессіз жауһарлары ҚР Ұлттық музейінің экспозициясында маңызды орын алады.

Алтын мен күмістен жасалған бұйымдар топтастырылған бұл каталог қола дәуірінен ортағасырларға дейінгі жәдігерлермен танысуға мүмкіндік береді.

«Көне мұралардың ізі қазақ халқының дәстүрлі зергерлік өнерінен де анық байқалады. Егер қола дәуірінен ортағасырларға дейінгі уақытты алтын түсімен көбірек байланыстырсақ, кейін келе бұл таным күміске ауысады. Зергерлік өнер бұйымдары топтастырылған екінші каталогта дәстүрлі қазақ қоғамындағы балаларға, ерлер мен әйелдерге арналған бұйымдар жан-жақты сипатталады. Көпшілік заттар қазақ қоғамында орны ерекше, әулеттің, отбасының ұйытқысы саналатын әйелдерге тиесілі»,-деп атап өтілген музей хабарламасында.