Ұлттық негізімізді жоғалтпай, ұлы тарихи тұлғаларымызды көрсете білуіміз керек - Е.Нұразхан

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен,

«Жауһар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақ тарихы: - мүсіншілер қолымен» атты тақырыпта конференция өтті.

Өнертану ғылымының кандидаты, профессор, ҚР Суретшілер одағы төрағасының орынбасары Құрман Мұратаев еліміздің мүсін өнері көне сақ, түркі заманынан бастау алып, өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бері кәсіпті өнерге айналғанын айтады.

«Өткізіліп отырған шараның басты мақсаты - бүгінгі мүсін өнерінің дамуына баға беріп, ондағы мәселелерді бұқараға жеткізу, яғни Қазақстан мүсіншілерінің туындыларын қолдау мен насихаттауды қолға алу», дейді Қ.Мұратаев.

Сонымен қатар ол осы конференцияға орай қыркүйектің 15-нен бастап мүсіншілердің көрмесі өткізіліп жатқандығын айтты. "Бұл көрмеге жиырмаға жуық жас авторлардың 10 жылдың маңайында жасалған жұмыстары қойылған. Осы мүсіншілер өнер жолында көп ізденіп, жаңашылдық енгізсе деп ойлаймын", деп атап өтті Құрман Мұратаев.

Конференция жұмысы барысында «Тарих беттеріндегі Қазақстан мүсіндері», «Қазіргі Қазақстан мүсіндеріндегі мифтер» тақырыптарында баяндамалар оқылып, талқыланды.

Сондай-ақ шараға қатысқан өнертанушы ғалымдар, мүсіншілер, елге танымал суретшілер мүсін өнеріне қатысты пікірлерін ортаға салды. Мүсіншілер өз шығармаларын халық үшін жасайтындықтарын, дегенмен халық өнер иелерін және олардың туындыларын біле бермейтіндіктерін айта келе, шалғайда жатқан елді мекендерді аралап, оларға да жасалып жатқан мүсіндерді көрсету керек деген ұсыныстар айтты.

Өнертанушы ғалымдар сонымен бірге қазіргі кезде тапсырыспен салынатын салт-дәстүрге байланысты мүсіндер мен батырлардың ескерткіштері көбейіп кеткендігін, жұртшылықты елең еткізер дүниелердің өмірге келмей жатқандықтарын айтады.

«Суретші өз елінің өткені мен болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтын азамат болуы керек. Батырлар қайталанып салынып жатыр дегенге мен келіспеймін. Өйткені Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Оның жолында соңғы деміне дейін күрескен ата-бабаларымыз бар. Салынып жатқан бұл мүсіндер біздің өткенімізді ұмыттырмай, жас ұрпаққа қалдыру үшін қажет. Ұлттық негізімізді жоғалтпай, ұлы тарихи тұлғаларымыздың көрсете білуіміз керек», дейді Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы директорының орынбасары, суретші Еркін Нұразхан.