«Ұлттық санақтан кейінгі этникалық келбетіміз қандай?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 29 сәуір, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының екінші пле­нар­лық жалпы отырысы өтті. Аталған алқалы жиын арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Ортақ құндылықтарды қайта жаңғыртатын кез келді» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, Елбасы Н.Назарбаев Түрк ПА ІІ пле­нарлық отырысына қа­тысу­шы­лар­ға құттықтау жолдаған. Онда: «Түркі әлемі - біздің мәдени мұраларымызды етене байла­ныс­тыратын алтын арқау. Түп тамырымыз бір, тарихымыз, ді­німіз, тіліміз және мәдениетіміз ортақ. Біздер осы игіліктеріміз бен құндылықтарымызды жа­сам­паздық жолына пайда­ла­нуы­мыз қажет», - делінген.

«Ақордада Астана қаласында өтетін Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңес­те­рі хатшыларының 6-шы кездесуі аясында Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі - Қоғамдық қауіпсіздік министрі Мэн Цзяньчжумен кездесті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, тараптар өңірлік қауіпсіздік­тің өзекті мәселелері жөнінде де пікір алмасып, ортақ мүддені көздейтін бағыттар бойынша екі және көпжақты іс-қимылды те­рең­детуге ниет білдірді.

***

Кеше Алматы қаласында «Науқастарды жалған фармацевтикалық өнімдерден сақтандыру» тақырыбында екі күндік оқыту семинар-тренингі өз жұмысын бастады. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Көшірме дәрілер көбейіп кетті» деген тақырыппен берілді. «Түсінгеніміз, ел шекарасынан еніп жатқан көшірме дәрілердің үлесі көбейіп бара жатыр екен. Десек те, нақты есебі жоқ. Оның болмайтынының өз жөні бар. Өйткені жалған дәрі-дәрмектің жасырын цехтарда жасалатынынан бөлек, оларды елге тасымалдау да контрабандалық жолмен жүзеге асырылады екен», - деп жазады басылым.

«Айқын» басылымның жазуынша, Орал қаласында дзюдо күресінен ел чемпионаты аяқталды. Қазақстан Спартакиадасы аясында өткен бұл жарыс үш күнге созылып, барлық облыстар және Астана мен Алматы қаласынан келген балуандар бақ сынады. Әр салмақ дәрежесіндегі белдесулердің өте шиеленісті өткені соншалық, ұлттық құрама бапкерлері мен майталман мамандар, спорт кешеніне жиналған көрермендер жарысты басынан аяғына дейін тапжылмай тамашалады. Дүбірлі дода жайында мол ақпарат алғыңыз келсе, «Жайық жағалауындағы жарыс ел чемпиондарын анықтады» деген тақырыпқа назар аударыңыз.

***

«Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі нөмірінде жарық көрген «Ұлттық санақтан кейінгі этникалық келбетіміз қандай?» деген мақалада мемлекеттің алдағы уақытқа жасайтын жоспарлары мен жүргізетін саясатын айқындау үшін қажетті науқан болып саналатын халық санағы жайында кеңінен жазылған. «2020 жылға дейін ұлттық деңгейдегі сан саланы қамтитын бағдарламаларды жүзеге асыруда халық санағының мәліметтерінің салмағы мығым. Және сиясы кеппеген мәліметтер «Қазақстан 140 ұлттан тұрады» деген жаттанды сөздің ендігі кезекте маңызды еместігін дәлелдеді. Халықтар достығы асыра сілтеушілікпен, көпе-көрінеу деректермен емес, шынайы зерттеулермен өлшенгені дұрыс», - деп жазады басылым.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұратовпен арадағы сұхбат «2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білетіндер ғана қабылданады деген нақты межені заң жүзінде бекітуіміз керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген халық қалаулысы тақырыпқа тұздық болған жайтты айта келе: «Оған дейін әлі төрт жыл бар. Осы уақыт ішінде қазақ тілін үйренбеген адамның өмірінің соңына дейін үйренбесі анық. Үйренгісі келмесе, мемлекеттік қызметке келмей-ақ қойсын», - дейді.

***

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы Ұлы Жеңістің 66 жылдығына орай 1-30 мамырдың аралығында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне жолаушылар пойыздарында тегін жүру акциясын ұйымдастырып отыр», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, соғыс ардагерлері мен мүгедектері бір ай бойы Қазақстан Республикасы мен ТМД елдері аумағында тегін жүре алады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне шыққан сапарларында олар бару-қайту билеттерін бірге ресімдеуі тиіс.