Ұлттық сараптама орталығы: 249 материал зерттеліп, коронавирус табылмады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019-nCov коронавирусына арналған зертханалық зерттеулердің нәтижесі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Тауарлар және қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасты Ұлттық сараптама орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зерттеу жұмыстары 17 тұмау тию жағдайы мен тағы 17 тұмауға ұқсас инфекцияларды анықтады.

«Осы жылдың 26 қаңтарынан бастап Ұлттық сараптама оралығына ҚХР-дан ЖРВИ-мен және жоғары температурамен келген пациенттердің емдеу мекемелерінен жеткізілген сынамалары келіп түсті. 26 қаңтардан 3 ақпанға дейінгі аралықта Ұлттық сараптама орталығына 101 пациенттен және олармен араласқан 148 адамнан тестілеуге 249 материал алынған. Оның ішінде Уханьнан 82 студент, олармен еріп жүрген 12 адам мен бортсеріктер тестілеуге жіберілді», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, Ұлттық сараптама орталығы эпидемиологиялық көрсетілімдерге сәйкес, 2019-nCov коронавирусына, сондай-ақ тұмау мен тұмауға ұқсас вирустық инфекциялар бойынша жоғарғы тыныс жолдарына талдаулар жүргізеді.

Сонымен қатар, материал сынамалары (қан, жоғары тыныс жолдарының жағындысы) Айқымбаев атындағы ұлттық ғылыми аса қауіпті инфекциялар орталығына жіберіледі. Ол жерде де коронавирус 2019-nCov бойынша зерттеу жүргізіледі.