Ұлттық саябақтардан 1 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Ұлттық табиғи саябақтардың аумағында демалушылар 1000 тоннаға жуық қоқыс қалдырған. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маманның мәліметі бойынша, мемлекеттік табиғи ұлттық парктердегі ең үлкен проблема – қоқыс қалдықтарымен күрес.

«Бүгінгі күнге дейін 1863 рейдтік шара өткізіліп, қорытындысы бойынша 118 құқық бұзушылық анықталды. Осы кезге дейін ұлттық парктер аумағынан жалпы салмағы 977,8 тонна қоқыс шығарылды. Ұлттық парктердің қызметкерлері тазалық сақтау шараларына бағытталған түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Осы мәселеге қатысты Әкімшілік кодексте көзделген жаза түрінің қатаңдатылуы бұл мәселені шешуге көмектеседі деген үімт бар», - деді Данияр Тұрғанбаев.

Сондай-ақ, ол брифинг барысында табиғи саябақтарды ластағаны үшін қолданылатын жаза күшейтілетінін атады.

«Президенттің 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында Қазақстанның табиғи байлықтарын қорғау соның ішінде ұлттық табиғи парктерді қорғау мәселесін заңмен реттеу тапсырылған болатын. Берілген тапсырманы орындау мақсатында министрлік осы заң жобасын әзірледі», - дейді ведомство өкілі.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер енді заңсыз ағаш кесу, ағаштарды жою, зиян келтіру, ерекше қорғалатын аймақтарды ластау, орман алқабын бүлдіру мәселелеріне қатысты қылмыстық жазаны күшейту көздейді.

«Бұдан бөлек орман шаруашылығы туралы заңды, ерекше қорғалатын аймақтарға қатысты заңды бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға, жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жазаны күшейту мәселесі қарастырылып жатыр»,- деді комитет төрағасының орынбасары.