Ұлттық сот жүйесі қоғам тұрақтылығының кепілі болуы шарт - Мемлекет басшысы

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Ұлттық сот жүйесі қоғам тұрақтылығының сенімді кепілі болуы шарт. Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан судьялар одағының 6-шы съезі барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын болғандықтан да, Қазақстанның сот қауымдастығының алдында халыққа қызмет етудің биік белесі, зор міндеті тұр. Қазақстандық судьялардың ең басты борышы да осы. Мен қазақстандық судьялық корпус біздің Отанымыздың жаңғыруы мен нығаюы бағытындағы ұлы мұраттарымызды жүзеге асыруға лайықты үлес қосады деп сенемін», - деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы алдағы уақытта сот жүйесін жақсарта түсу бағытында жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Президент сондай-ақ, сот тәжірибесі тереңнен шыңдалып, кез-келген қылмыс үшін жазаның қолданылмай қалмайтындығына жұртшылықтың барынша сенімін арттыра түсуі керектігін атап өтті.