ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттiгiнiң төрағасы Тастанбек Есентаевтың айтуынша, жаңа редакциядағы заң жобасында ұлттық спорт түрлерiн дамытуға қатысты мәселелер жеке баппен қарастырылып отыр. «Бұл ретте ұлттық спорттың өзiндiк ерекшелiктерi есепке алына келе, оларды олимпиадалық спорт түрлерiмен тең дәрежеде дамытуды көздеп отырмыз», - дейдi Тастанбек Есентаев.
Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, құжат бойынша дене шынықтыру және спортты дамыту бағытында Үкiметтiң құзыретi кеңейтіледі. Атап айтқанда, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттары әзiрленеді. Бұдан бөлек, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерiне, спорт түрлерi бойынша құрама командалар жаттықтырушылары мен мүшелерiне қаржылай сыйақы төлеу қағидалары мен тiзбесi бекiтілмек. Сонымен қатар, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмiр бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету төлемдерiнiң қағидалары нақтыланып, мөлшері бекітіледі.
«Сонымен қатар, спорттық федерацияларды аккредиттеуге қойылатын жаңа талаптар белгiленетін болады. Бұл шара республикалық және жергiлiктi деңгейде жүзеге асады. Осыған орай, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерiне, сонымен қатар ұлттық спорт түрлерi ерекшелiктерiне қарай федерацияларға қойылатын талаптар айқындалды», - дейді агенттік төрағасы Т.Есентаев.