Ұлттық спорт жанашырлары «Алтын тұғыр» мүсіншелерімен марапатталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Алтын тұғыр» жыл сайынғы сыйлығының марапаттау рәсімі өтті.

«Алтын тұғыр» байқауы осымен төртінші рет өткізіліп келеді. Оның мақсаты - ұлттық ойындардың жастар арасында кең таралып, ұлтымыздың баға жетпес қазынасын дамытуға сүбелі үлес қосқан ақтаңгер азаматтарды халыққа таныстыру, арнайы марапаттау, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Нұр Отан» ХДП-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан  бұл жылғы марапаттау ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келіп, оған ерекше мән беріліп тұрғанын тілге тиек етті.

«Биыл өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгеніне, Тәуелсіздік алғанымызға - ширек ғасыр толды. Ұлттық ойындар үлкен ауыл тойлары мен үлкен аста ғана ойналғаны жасырын емес. Бүгінде әлемдік деңгейге жетіп отыр. Іргедегі алып көршіміз аударыспағымызды әспеттеп, екінші Азия чемпионатын өткізді. Алдымызда ЭКСПО - 2017 көрмесі келе жатыр. Барлық көрмелерде зәулім, көз тоймас ерекше салынған ғимараттар кезіге береді ғой. Ал, біз қазақ немен ерекшеленбекпіз? «Міне, біздікі» деп нені бірінші көрсете аламыз? Сөз жоқ, ұлттық спорт түрлерін мақтанышпен паш ете аламыз», - деді Бекболат Тілеухан.

Бүгінде көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу секілді ойын түрлері халықаралық деңгейге көтерілді. Атап айтар болсақ, спортшыларымыз Қытай елінде өткен II Азия чемпионаты, Қырғызстанда өткен «Көшпелілер ойындары», Алматы қаласында ұйымдастырылған «Ұлы дала ойындары» сынды ағымдағы жылдағы ірі халықаралық жарыстарда топ жара білді.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев елді азаттықтың ширек ғасырлық мерекесімен құттықтап өтті. «Қазақта «Ат өнері білінбес бәйгеге түсіп жарыспай, ер өнері білінбес қоян-қолтық алыспай» деген мақал бар. Ел азаматы мен астындағы қазанатының қадірін біліп, ел болып, жұрт болып ұлттық өнерді, ұлттық спортты дамыту - біздің басты мақсатымыз», - ол.

2016 жылғы «Алтын тұғыр» иегерлері:  

 «Үздік көкпаршы» - Әбдіжаппаров Әбуғали  (Жамбыл облысы)

«Үздік аударыспақшы» - Жұмалиев Түймебек (Оңтүстік Қазақстан облысы)  

«Үздік атбегі» - Омаров Ұлан  (Алматы облысы)

«Үздік теңге ілуші» - Сапарбек Мағжан   (Оңтүстік Қазақстан облысы) 

«Үздік жамбы атушы» - Бадашев Елдос  (Оңтүстік Қазақстан облысы) 

«Үздік тоғызқұмалақшы» - Серік Ақтаев (Оңтүстік Қазақстан облысы) 

«Үздік аударыспақшы» - Сағымбаев Арман (Ақтөбе облысы) 

«Үздік балуан» -  Дәулетхан Жақыпов (Жамбыл облысы)

«Үздік мектеп басшысы» -  Ғани Ахметбаев  (Оңтүстік Қазақстан облысы) 

«Үздік клуб басшысы» -  Өнербай Жанбала (Атырау облысы) 

«Үздік фильм» - Рүстем Әбдірашев (Ұлттық спортты насихаттаған «Алмас қылыш» атты фильмнің режиссері)  

 «Елімжан» орденінің иегері  - бүркітші Жапар Сатылғанов  (Жамбыл облысы)

Сондай-ақ бірқатар азамат алғыс хаттармен марапатталды.