«Ұлттық спортымыз қашанғы өгей баланың күйін кешпек» - Республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 желтоқсан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Өркениеттер альянсы: үнқатысудан - нақты нақты іске нық қадам» атты мақала жарияланды. Онда БҰҰ Өркениеттер Альянсының Катар астанасы - Дохада өткен «Мәдениеттер арасындағы байланыстарды да­мыту мақсатындағы үнқатысу» тақырыбындағы IV форумында көтерілген мәселелер туралы жазылады. Дохада ұйымдастырылған ІV форум - мәдениеттер, мәдени саналуандылық пен мәдениет­ара­лық үнқатысу мүмкіндіктерін жү­зе­ге асыруды басшылыққа алуы­мен ерекшеленді. Бұл ізгі бастама осындай мәселелердің бір жүйеге келуіне және кездескен түйткілдердің тарқатылуына мүд­делес серіктестердің білімі мен тәжірибелерін біріктіретін, өзара сенімді нығайту арқылы әлемде бейбітшілік орнататын жалпыға ортақ тұғырнамаға айналуы тиіс. Форум өзегі осыған сайды.

Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, кеше Сыртқы істер министрлігінде еліміздің шет елдердегі елшілерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес отырысы өтті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту қарсаңында болған басқосуға Отанымыздың шет елдердегі барлық елшілері келді. Отырыста сыртқы саяси мәселелер талқыланды. Дипломаттардың мұндай бас­қо­суы осыдан төрт жыл бұрын өткені белгілі. Содан бері халық­аралық қатынастарда, көпжақты деңгейдегі сыртқы саясатта ма­ңыз­ды мәселелерді талқылау өзек­ті бола түсті. Сыртқы істер ми­нистрі Ержан Қазыханов тәу­ел­сіздік алған жылдар ішінде Қа­зақстан екіжақты және көпжақты деңгейде өзін сенімді әріптес және халықаралық қоғамдастық­тың жауапты мүшесі екенін дә­лел­дей білгендігін ерекше атап өтті. Бұл жиында көтерілген жайттарды «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Келелі мәселелерге құрылған кеңес» атты мақаладан білесіздер.

***

Елімізде Сыртқы істер мнистрлігінің мұрындық болуымен ғылыми және академиялық топ өкілдеріне жетекші саясаттанушылар мен сарапшыларды тарта отырып, Сыртқы саясат кеңесін құру мәселесі талқылануда. «Аталған кеңес талдау жұмысының сапасын арттыру және сыртқы бастамалар әзірлеудің баламалы «сараптамалық алаңына» айналуы тиіс»,-дейді Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов. Оның сөзінше, сыртқы саясаттағы инвестиция, технология мен білімді тек батыстан ғана емес, сонымен қатар белді азиялық мемлекеттерден де тартып, еуразиялық интеграциялық рухпен ұштастыруымыз керек. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Сырты саясат кеңесі құрылмақ» атты мақаладан кеңірек білуге болады.

Осы басылымының жазуынша, «Қазақстанның келешегі - қазақ тілінде». Осындай тақырыппен жарияланған мақалада соңғы10 жылда қазақ тілінің аясы айтарлықтай кеңіді деуге негіз бар. Қазақ тілінде білім беретін балабақша саны 1 мың 178-ге, мектептер саны 3 мың 821-ге артқан. Мемлекеттік іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру процесі де қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі іс-қағаздарын жүргізу үлес салмағы 85 пайызды құрап отыр. «Айқын» басылымы бүгінгі санында мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы мен болашағына нақты фактілер арқылы жан-жақты сараптама жасайды.

***

Алып шаһар Алматыдағы «шайтан базардың» маңында қасапшылықты кәсіп еткендер сеңдей соғылысады. Базарға жуық маңайдағы үйлердің ауласы, яки қорасы шағын қасапхана ошақтарына айналыпты. Қолқаны қабатын қан-жынның мүңкіген жағымсыз иісі тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Бұл мәселе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Қадірі қашқан қасапхана немесе мал сою мәдениетін неге жоғалттық» атты мақалада.

Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, елордада ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кеңейтілген республикалық семинар-кеңесі өтті. Онда өгей баланың күйін кешіп отырған ұлттық спортымызға әлі күнге дейін Үкімет тарапынан қажетті қаржы бөлінбей тұрғаны сөз болған. Шама-шарқынша ұлттық спортымыздың көшін түзеп жүрген азаматтардың жуырда ғана мерзімінен бұрын тарап тынған депутаттарға да өкпесі қара қазандай екен. Өйткені олар ұлттық спортты дамыту туралы заң жобасын Үкіметке жеткізбей, аяқсыз қалдырыпты. Ендігі мақсат - сол жобаны қайтадан талқылап, жаңадан сайланатын 5-ші Парламент Мәжілісіне қайта ұсыну болып отыр. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Ұлттық спортымызы қашанғы өгей баланың күйін кешпек» атты мақаладан кеңірек білуге болады.