Ұлттық сурдлимпиадалық федерациясы Алматы әкімдігіне не үшін шағымданды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Ұлттық сурдлимпиадалық федерация» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қаласының әкімдігіне шағым түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірлестік Сурдлимпиада чемпиондарына коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана берілмегені үшін шағымданды.

Алматы қалалық сотының мәліметінше, іс материалдарынан белгілі болғандай, 2019 жылы желтоқсан айында Италияда өткен Қысқы сурдлимпиада ойындарында төрт отандасымыз алтын медаль жеңіп алған.

Ал Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін жергілікті атқарушы орган баспанамен қамтамасыз етуі міндетті саналады. Мерзімі бойынша ресми шешім немесе хаттама алынған күннен бастап алты айдан кешіктірілмеу керек. Марапаттаудың бұл түрі «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңында да қарастырылған.

Сурдлимпиада – есту қабілеті нашар мүгедек спортшылар қатысатын қысқы және жазғы халықаралық жарыстар.

«Бірлестік 2020 жылдың 28 тамыз бен 2021 жылдың 25 қаңтарда қалалық спорт басқармасына чемпиондарға пәтер беру мәселесі бойынша өтініш жолдаған болатын. Оған тиісті жарыстардың хаттамаларын да тіркеген. Дегенмен, мемлекеттік орган «пәтер беру жұмыстары жүргізіліп жатыр» деп істі ұзаққа созған. Сурдлимпиада чемпиондарына бір жылдан астам уақыт бойы баспана берілген жоқ.

Жергілікті атқарушы органның ұзақ уақыт әрекетсіздігін, чемпиондарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша нақты шараларды қабылдамағанын ескере отырып, Алматы қаласының әкімшілік соты талап арызды қанағаттандырып, олардың талаптарын толығымен қолдады. Спорт шенеуніктерінің әрекетсіздігі заңсыз деп танылды. Апелляциялық инстанция Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімін күшінде қалдырды.

Олимпиадашылар отан намысын қорғайды. Спорттың қай түрі екені маңызды емес, олар ең бастысы отанымыздың туын биікте желбіретеді. Олар заңды марапаттауға әбден лайық. Олардың баспана кілтін күтіп, табалдырық тоздырып, ақыры сот жүйесінің оларды қорғау үшін жүгінгені өкінішті», - деп мәлім етті қалалық сотта.

Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде спортшыларға баспананы өтеусіз негізде беру туралы шешім қабылданды.