Ұлттық тарих ғылымын жаңғырту бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр - Б. Аяған

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанның ұлттық тарихын жаңғырту шаралары бірнеше бағытта жүріп жатыр. Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығында» өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшесі, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған осылай мәлімдеді.

Институт басшысының айтуына қарағанда, ұлт тарихын жаңғырту жұмыстарындағы басымдықтар қатарында - зерттеу әдістемелерін жаңғырту, ірі ғылыми-зерттеу орталықтарын құру шаралары бар.

«Осы бағытта айта кетерлігі, Мемлекет тарихы институтының ғалымдары қазақ және орыс мектептерінде оқытылатын 10-сынып оқушыларына арналған «Дүниежүзі тарихы» мен «Қазақстан тарихы» оқулықтарын сараптамадан өткізді. Оқулықтар жаңа бағыттар ескеріле отырып, әзірленді. Жетекші ғылыми институттардың веб-сайттары жаңартылып, шет тілдерінде де шыға бастады Қазақстан тарихы бойынша веб-портал жаңартылып, оның өзі аз ғана уақыт ішінде аса танымалдылыққа ие болды», - деді Б. Аяған. Оның айтуынша, осы уақытқа дейінгі ізденістер нәтижесінде ғылыми материалдар жинағы арнайы дайындалып, баспаға берілген.

Бұдан бөлек, институт басшысы Білім және ғылым министрлігі тарапынан да атқарылып жатқан бастамаларға тоқталып, елімізде заманауи зертханалар мен орталықтар құрғанын атап өтті.

Нақтырақ айтқанда, министрліктің қолдауымен популяциялық генетика орталығы, артефактілерді археологиялық кезеңдеу зертханасы, антропологиялық зертхана, әлем тарихын зерттеу орталығы, Орталық Азия халықтарының дәстүрлі мәдениетін ғылыми-зерттеу орталығы құрылған. «Қазіргі таңда осы орталықтарда қазақстандық және шетелдік ғалымдар жұмысқа кіріскен», - дейді Бүркітбай Аяған.