Ұлттық тарих жаңа деңгейде, халықаралық өреде қазіргі өркениет, мәдениет тұрғысынан жазылуы шарт - Н. Мұхамедханұлы

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Ұлттық тарих жаңа деңгейде, халықаралық өреде қазіргі өркениет, мәдениет тұрғысынан жазылуы шарт. Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысына орай тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұхамедханұлы осындай пікір білдірді.

«Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарихшылардың қазіргі міндеті, болашақта не істеуі керек, тарихты қандай тұжырымдамада қарастырып, қандай әдістеме қолдануы қажет деген бағытта айтқан пікірлерінің барлығы біздер үшін тарихты зерттеуде басшылыққа алатын ұстанымдар деп есептеймін», - деді Н. Мұхамедханұлы. Бұл ретте профессор бүгінгі жиыннан кейін Тәуелсіздіктің 20 жылынан бері қарайғы тарих ғылымы өрлеу кезеңіне аяқ басты деп айта алатынын жеткізді. «Демек, бұл жиын тарихшыларға тың шабыт береді. Біздің ұлттық тарихымыз жаңа деңгейде, халықаралық өреде қазіргі өркениет, мәдениет тұрғысынан жазылады деп сенемін. Оған тарихшылардың мүмкіндігі де, материалдық-кадрлық даярлықтары да бар. Сондықтан мемлекет тұрғысынан бүгінгідей қолдау тарих ғылымының жаңа көкжиегін ашып отыр», - деді ол.