Ұлттық театрлардың республикалық фестивалі өз мәресіне жетті
Бүгін Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған ұлттық театрлар фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі болып, жеңімпаздар марапатталды.
Ұлттық театрлардың республикалық фестивалін өткізудегі басты мақсат - ұлтаралық келісімді нығайту, Қазақстан халқының өзіндік төл мәдениеті мен тілінің дамуына қолдау көрсету.
Айта кетелік, үш күнге жалғасқан фестиваль барысында Қазақстан Ұлттар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, М. Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театры, Қ. Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры, Мемлекеттік республикалық кәріс музыкалық комедия театры, Неміс драма театры және Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театрының ұжымы өздерінің шығармашылық шеберлігін жұртшылық назарына ұсынған болатын.
«Ұлттық театрлар фестивалі - Қазақстандағы ұлттар достығының, мәдени толеранттылықтың, этносаралық келісімнің көрінісі, бірлік пен ынтымақтастықтың нышаны. Қазақ елі өзінің табиғи болмысына сәйкес ықылым заманнан бері өзге ұлттармен етене жақын болып, құрметпен қараған, өз көршілерімен достық қарым-қатынаста болуды көздеген, сондықтан да осындай мәдени бастаманың елімізде болып өткендігі де заңдылық», - деді журналистерге берген сұхбатында қазылар алақсының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әкім Тарази.
Бүгін жария етілген байқау қорытындысына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театры И.Заировтың «Қарыз» спекталі үшін «Үздік спектакль» жүлдесін еншілесе, «Ең үздік театр дебюті» жүлдесімен Қазақстан Ұлттар театры Д.Исабековтың «Бақыт құсы» спектаклін сахналағаны үшін марапатталды.