Аталмыш жобаның идеясы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарымен 2012 жылғы желтоқсандағы кездесуінен кейін пайда болған. «Қазақстанды таныту» тележобасы қазақ халқының бағзы замандардан бері келе жатқан ата мәдениеті мен салт-тұрмысы туралы баяндайтын, екі минуттық он бейнероликтен тұратын топтама түрінде ұсынылып отыр. Роликтерде қамтылған тақырыптардың бәрі кез келген аудитория үшін қызықты әрі танымдық мәні бар. Онда асық ату ойынының тәртібі, қазақ тілінің тарихы мен жазбасы, байлығы мен бейнелілігі, музыкалық аспаптар және шығармашылық домбыра жасау үрдісі, қобыздың ерекшеліктері, айтыс өткізу тәртібі, қазақ күресінің тарихы мен ережелері, тазы тұқымының ерекшеліктері, ұлттық әшекей түрлері, ер жетуге байланысты мерекелер, қымыз дайындау және оның шипалылық қасиеттері айшықты көрсетілген.
Бейнероликтер жыл бойы «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна», Kazakh TV, 24KZ, «Бiлiм» телеарналарынан көрсетіледі. Сонымен бірге, оларды жобаның ресми Youtube арнасынан тамашалауға болады, ал фотоматериал мен тақырыптық суреттер Flickr фотохостингінде орналастырылған.
«Жобаның басты ерекшелігі - халықтың өмірінен, тұрмысынан, әдет-ғұрпынан, жәдігерлерінен түсінік беретін, біздің ұлттық брендімізді әлемге паш ететін бейнероликтерді көрермен назарына ұсыну. Өз елімізді, өз ұлтымызды тек өзіміз ғана танып қоймайық, оны біздің жастарға, әлемге танытайық», - деді жобаның таныстырылымында «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова.
Оның айтуынша, «Қазақстанды таныту» жобасы халықтық жобаға айналады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар таяуда жалпы жұртшылықтың қатысуымен Отанды сүю тақырыбына арналған бейнебайқау басталмақ. Қатысушылар 90 секундтық дербес қысқа бейнероролигінде өзінің туған өлкесімен, оның көрікті жерлерімен, тағдыры қызық тұлғаларымен және айрықша дәстүрлерімен таныстырады.
Қазақстанды таныту