Іс-шараны құттықтау сөздерімен ашқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Тыл майдангерлерін және барша жеке құрамды Жеңістің 71 жылдығымен, сонымен қатар Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтады.
«Ұлы Жеңіс мейрамы Қазақстан халқының ерлігін, батылдығын, абыройын асқақтатумен қатар, бейбіт өмір мен Отан үшін жанын қиған жауынгерлерді еске алатын ерекше маңызды мереке. Осындай мерекенің жалғасып келе жатқанына биыл 71 жыл, және оның тойлануының Тәуелсіздігіміздің 25 жыл толуымен тұспа-тұс келіп жатқаны біз үшін және қуаныш», - деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник Нұрбай Бектұрсынов.
Н.Бектұрсынов Ұлттық ұланның қазіргі заманғы әскери қызметшілерінің ерлігін де атап өтті.
«Әсіресе күні кеше ғана Елбасының Жарлығымен өз өмірін қатерге тігіп, жас сарбазды өлімнен арашалап қалған полковник Қайрат Үмбетовтің Қазақстандағы ең үлкен награда «Халық қаһарманы» атағына қол жеткізуі лайықты зор мақтаныш болды. Бұл - нағыз ерліктің үлгісі», - деді ол.
Ұдайы жас сарбаздарға патриоттық тәлім-тәрбие беріп келе жатқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Фалеев пен Ішкі әскерлер ардагері Василий Мезин де барша әскери қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтап, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Тыл майдангерлеріне жүрекжарды сөздерін арнады.
Ресми бөлімнен соң Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев қызметтік міндеттерін адал атқарып, үздік жетістіктерге қол жеткізген офицерлер мен келісімшарт әскери қызметшілерін көтермелеу туралы Ішкі істер министрінің, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бұйрықтарын оқып, үздік әскери қызметшілерге медальдар, грамоталар және бағалы сыйлықтар табыс етті.
Іс-шара соңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Тыл майдангерлеріне арналып дастархан жайылды.