Ұлттық ұлан сарбаздары дауыс беруге белсене қатысуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық ұлан сарбаздарының күн тәртібі өзгеше басталды. Әдетте, таңғы астан кейін белгіленген бағыты бойынша күнделікті жауынгерлік қызметке кірісетін сарбаздар дәл қазір дауыс беріп жатыр, деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Ұлттық ұланның 6636-шы әскери бөлімінің жеке құрамы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және маслихаттарының депуттарын сайлауға белсенді қатысуда.

«Бүгін сарбаздарымызға таңертеңгілік ас ерте әзірленді. Олардың көбі кәмелет жасына енді толып, дауыс беруге алғаш рет қатысып отыр. Сайлаудың ұйымдастыру-техникалық барысын арнайы топ жүргізуде. Барлық ережелер қатаң сақталған» - деді бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары подполковник Берік Мунтинов.

Арнайы жабдықталған дауыс беру пункті алдына сап түзеген бөлім басшылығы мен жауынгерлері еліміз үшін маңызды шараны Мемлекеттік Әнұранды шырқаумен бастады. Дауыс беру кабиналарына алғаш боп полк командирі подполковник Аян Есжанов жұбайымен өтті.

- Мен әскериге Қарағанды облысынан шақырылғанмын. Бұрындары үлкендерімізден сайлау жөнінде, дауыс беру туралы естіп-білгенмен, бұл процестің қалай жүргізілетінін көзбен көрмеген едім. Осы жолы жұмыс тобына дауыс беру пунктін жабдықтауға көмектестім. Соның арқасында дауыс беру ережелерін жақсы біліп қалдым. Еліміздің азаматы ретінде дауыс беруге қатысып жатқаным ерекше әсерге бөлейді екен. Бұл сайлау - біздің болашағымыз үшін маңызды қадам деп білемін. Қазақстан қарулы күштері қатарында жүріп, мемлекетіміздің ертеңіне дауыс бергеніме өте қуаныштымын, - дейді 3-рота жауынгері қатардағы Мейірхат Қалиев.

Дауыс беру Ұлттық ұланның барлық өңірлік қолбасшылықтарында өтіп жатыр. Бүгінгі дауыс беруге қатысатын ұландық офицерлер мен келісім-шарт әскери қызметшілерінің жалпы саны тізім бойынша - 24 000, ал олардың әскери бөлімдер аумағында тіркелген отбасы мүшелерін қоса есептегенде бұл көрсеткіш 42 000 адамды құрайды.