Ұлттық ұлан сарбаздары күрең берет кию үшін сынақтан өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазан айының соңғы екі күні Ұлттық ұлан жасағының сарбаздары үшін жауапты күн. Олар күрең берет пен күрең кеудеше кию үшін және «Бүркіт» кеуде белгісін тағуға қол жеткізу үшін арнайы сынақ тапсырады. Айтулы шара Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының базасында өтеді деп жоспарлануда.

Әскери қызметшілер арасындағы қайсарлық пен өжеттілікті, шыдамдылық пен төзімділікті сынға салар айтулы шараға Ресей Федерациясының аталғандай күш-қуат бөлімшесінің өкілдері де тәжірибе алмасу мақсатында қатысуды ұйғарып отыр. Сондай-ақ, сайыпқырандар додасына шетелдік әскери Атташелер, еліміздегі арнайы бөлімшелердің, күш-құрылымдарының, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылған.

Бүгінгі таңда кең байтақ еліміздің барлық өңірінде күрделі барлау-жауынгерлік операцияларды орындауға міндеттелген арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасақтары құрылған. Олар Ұлттық ұланның алдыңғы шепте жүрер алдаспан жасағы, әскер элитасы болып табылады. Бұл күнде аталған құрылымдық бөлімшелер өздеріне жүктелген міндеттерді табысты орындап, ел сенімін абыройлы ақтап келеді.

Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесінің басты мақсаты - экстремизм және лаңкестікпен күресу, мемлекет мүддесіне және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге қарсы жедел әрекет ету болып табылады.

Бір айтарлығы, аталған жасақ құрамына кадрларды іріктеу өте тыңғылықты тұрғыда, арнайы оқу бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Қызметке үміткерлер арасында дене шынықтыру, мінез-құлқының ұстамдылығы, сондай-ақ жауынгерлік дайындықтың жоғарғы талаптарына жіті мән беріледі.

Жыл сайын «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі әскери қызметшілерінің арасында бөлімше жауынгері үшін аса мәртебелі де құрметті саналатын күрең берет пен «Бүркіт» кеуде белгісін тағу құқығын иеленуге арналған сайыс сынағы ұйымдастырылады. Кіл мықтылар сынға түсетін бұл шаралар әр жылы әр мезгілде, сондай-ақ жер бедерінің әр түрлі аймағында ұйымдастырылып келеді. Сынақтардың мұндағы басты талабы - Отан үшін оққа кеуде керер аталған бөлімше қызметкерлерінің жауынгерлік дайындығын барынша шыңдау, міндеттелген тапсырмаларды атқаруға қажетті арнайы білім мен әдіс-тәсілдерді пысықтау болып табылады.

Дәстүрлі шараға айналған аталған квалификациялық сынақ биыл 15-ші мәрте өткізіліп отыр. Осы жылы оған қатысуға 90 әскери қызметші ынта танытқан. Әскери қызметшілер сынаққа қатысу үшін теориялық білімнен тест тапсырып, дене шынықтыру дайындықтары мен арнайы жаттығуларды, байланыс және медицина құралдарын меңгеруден алдын ала біліктіліктері пысықталады.

Атап айтарлығы, сынаққа түскен әскери қызметшілер бас-аяғы 75 шақырымды 30 сағат көлемінде жүгіріп өтіп, 16 нормативті орындайтын болады.