Ұлттық ұлан сарбазы сотталушының түрмеден қашуына жол бермеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында Ұлттық ұлан жауынгері сотталушының түрмеден қашуына жол бермеді. Бұл туралы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келеңсіз жағдай 9-шы қазан күні Леңгір кентінің маңында орналасқан УИС-108 түзету мекемесінде болған.

«6698 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Иван Дорохин бекетте сақшы міндетін атқарып тұрып, сотталушылардың бірі қатарды тастап кеткенін көреді. Жазасын өтеушінің тыйым салынған ішкі аймаққа жүгіріп бара жатқанын байқайды. Жауынгер тез арада болған жәйтті қарауыл бастығына баяндап, дабыл нүктесін басқан. Қашуға әрекет еткен сотталушыға ескерту жасап, аспанға оқ атқан. Сөйтіп ұландық жауынгердің қырағылығының арқасында әскери жасақ бастығы Ж. Асқаров пен түзеу мекемесі бастығының көмекшісі Н. Үсенбаевтар сотталушыны қолға түсірген», - делінген хабарламада.

Жауынгер Иван Дорохин жоғары қолбасшылық атынан марапатқа ұсынылды. Ал, оның ата-анасына 6698 әскери бөлімі командирі атынан үлгілі тәрбие бергені үшін алғыс хаты жіберілген.

Айта кетейік, Түркістан обылысында Түркістан облысында 7 мыңнан астам қару иелері тексерілгендігі хабарланған болатын.