НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық ұлан жауынгерлері Атырауда бекіре тұқымдас балық тиелген жүк көлігін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, балық «КамАЗ» автокөлігі кузовының астына жасырылған болып шықты.
Кеше сағат 15.30 шамасында «Бекіре-2019» жедел алдын алу шарасы барысында құрамында сержант Саят Бейсенов, қатардағы жауынгер Жігер Қалауов бар топ полицейлермен бірге «Печной» бекетінде аталмыш автокөлікті тоқтатқан.
Автокөлікті қараған кезде кузовтың астынан екі полиэтилен ыдысқа салынған, салмағы 35 келідей бекіре тұқымдас балық табылды. Жүргізушіде балықты тасымалдауға рұқсат ететін құжат болған жоқ. Істі одан әрі қарау үшін жүргізуші полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Қазіргі кезде Атырау полиция департаменті ҚР ҚК 339-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).