«14 сәуір күні кешкі сағат ондар шамасында «Айбалта» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына тігілген далалық лагерьді күзету және қорғау бойынша патрульде жүрген кіші сержант Рамиль Шормаков және старшина Айбек Мухамеди жанұшыра көмекке шақырған әйел адамның даусын естиді. Мұны бірден лагерь бойынша кезекші аға лейтенант Нұрсұлтан Қуандыққа баяндап, жедел көмекке ұмтылады. Оқиға орнына жылдам жеткен патрульге азаматша Қ. өзін бейтаныс екі адамның зорламақ ниетте болғандығын, көмекке келе жатқан адамдарды байқап, қашып кеткендігін айтты» - деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хатшысы, майор Данара Баймағанбетова.
Ведомство өкілінің мәліметінше, ұландық әскерилер болған жайтты 102 нөміріне бірден хабарлаған. Артынша оқиға орнына Шонжы аудандық полиция басқармасынан жедел тергеу тобы келіп, екі күдіктіні қолға түсірген.
«Бірлескен іс-қимылдардың нәтижесінде 1985 жылғы А. және 1974 жылғы В. деген екі азамат күдікті ретінде ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды. Ұландықтардың қырағылығы мен жылдам әрекет етуінің нәтижесінде Алматы облысының тұрғыны, өрімдей жас қыз бұзақылардың арам ойының құрбаны болудан аман қалды. Азаматша Қ. далалық лагерьден жеткен өзінің құтқарушыларына алғысын жаудырды», - деп толықтырды Д. Баймағанбетова.
Айта кетейік, қыз баланы қаныпезерлерден құтқарып қалған әскерилер Ұйғыр ауданындағы «Қалжат» елді мекенінің маңайына командалық- штабтық оқуыға барған. Ол жерде Қазақстан әскерлерінің біріккен «Айбалта» стратегиялық командалық-штабтық басқосуы ұйымдастырылған.